10
Feb, 25

Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне арналған тағылымдама

10–21 ақпан аралығында Түркістан облыстық балалар ауруханасының жүрек-қантамыр хирургиясы бөлімінің дәрігерлері Қазақстанның жетекші кардиохирургиялық қызмет мамандарынан тағылымдамадан өтті.

Event Photo

Соңғы жылдары жүрек ақауымен туылған нәрестелер санының артуы байқалады. Мұндай ауыр және күрделі туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға өмірінің алғашқы сағаттарында немесе күндерінде кардиохирургиялық көмек қажет.

Алайда нәрестелердің жағдайының ауырлығы мен оларды республикалық орталықтарға жеткізудің қиындығына байланысты аймақтар деңгейінде, әсіресе өмірінің бірінші жылындағы балаларға арналған жоғары технологиялық кардиохирургиялық көмекті кеңейту қажеттілігі туындап отыр.

Осыған орай, өңірлік мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру — өзекті міндеттердің бірі.

«Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мамандар үшін осында келіп, тәжірибе алмасу мүмкіндігі – өте құнды. Біздің оңтүстік өңірде туу көрсеткіші жоғары, сондықтан туа біткен жүрек ақауы бар балаларға өмірінің алғашқы күндерінен бастап операция жасау қажет. Мұндай балалардың өмірін сақтап қалу үшін дәл қазір осында келіп білім алу мүмкіндігін барынша тиімді пайдаланып жатырмыз», —  Талғат Нұрланұлы Бердібеков, Түркістан облыстық балалар ауруханасының жүрек-қантамыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі.

Event Photo

«Мұндай тағылымдаманың маңызы өте жоғары, себебі барлық балаларды республикалық деңгейдегі (IV деңгей) орталықтарға жіберу мүмкін емес. Кейде орын болмайды, кейде балалардың жағдайы ауыр болғандықтан жеткізуге уақыт жетпей қалады. Оларға өмірінің алғашқы тәуліктерінде шұғыл операция қажет. Сондықтан осындай балаларды өз деңгейімізде дер кезінде анықтап, емдеп, ота жасауға үйрену — біз үшін өте маңызды», — деді Түркістан облыстық балалар ауруханасының кардиолог-дәрігері, Шымкент қаласынан келген Светлана Нариманқызы Асланова.

Event Photo

Тағылымдамадан 2 кардиохирург, 2 анестезиолог-реаниматолог, 1 кардиолог, 1 операциялық медбике және 2 реанимациялық медбике сәтті өтті.

Бұл тағылымдаманы ұйымдастыру мен қаржыландыруды Heart Center Foundation қоғамдық қоры өз мойнына алды. Оқу бағдарламасының шығындары Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Гаухар Қаппарованың туған күніне орай ұйымдастырылған қайырымдылық бастамасы арқылы жиналған қаражат есебінен өтелді.

Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне арналған тағылымдама

Сіздің көмегіңіздің арқасында бізде дәрігерлерге көмектесу мүмкіндігі бар