Кабинетке кіру
09:00-18:00
Алматы қаласында Пациенттік мектеп жобасы өткізілді.
22 қазан күні Қазақстандық Балалар жүрегін емдеу жөніндегі мамандар қоғамының III конференциясы аясында «JUREK» пациенттік мектебі – жүрек ақауымен туылған балалардың ата-аналарына арналған кездесу өтті.
«JUREK» пациенттік мектебі - Heart Center Foundation қоғамдық қорының әлеуметтік маңызы бар жобасы. Негізгі мақсаты - туа біткен жүрек ақауы бар балалардың ата-аналарына тұрақты қолдау көрсетіп, сенімді ақпарат пен кәсіби кеңеске қолжетімділікті қамтамасыз ету. Мектеп дәрігерлер мен ата-аналарды ортақ алаңда тоғыстырып, балаға диагноз қойылған сәттен бастап операциядан кейінгі оңалту кезеңіне дейін ақпараттық сауаттылықты арттыруға, кәсіби кеңес пен психологиялық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Бұл жолы Пациенттік мектеп 50-ден астам ата-ананы және 30 дәрігерді, соның ішінде көршілес елдердің мамандарын да біріктірді. Кездесудің онлайн-трансляциясын шамамен 200 көрермен тамашалады.
Мурат Зауыров, Heart Center Foundation Қоғамдық қорының директоры:
«2023 жылы біздің қор балалар жүрегін емдеумен айналысатын мамандардың алғашқы ғылыми конференциясын ұйымдастырды. Осы конференция аясында біз жаңа бастама - «Пациенттік мектеп» жобасын іске қостық. Жобаны қолға алуымыздың басты себебі - қоғамда сенімді және ғылыми негізделген ақпараттың қажеттілігі болды. Атап айтқанда, іштен туа біткен жүрек ақауларын құрсақішілік кезеңде қалай анықтау, отаға дайындық барысы, операциядан кейінгі оңалту үдерісін дұрыс ұйымдастыру жөнінде нақты түсінік қалыптастыру маңызды еді. Жүрек ауруына шалдыққан балалардың ата-аналарынан жиі түсетін сұрақтар қоғам мен медициналық қауымдастық арасындағы тиімді коммуникацияны дамытуды қажет етті. «Пациенттік мектеп» жобасы осы қажеттіліктерге жауап беретін тиімді алаңға айналды. Уақыт өте келе жоба конференция шеңберінен шығып, өңірлік форматта жүзеге асырыла бастады. Қазіргі таңда біз Ақтау мен Шымкент қалаларында пациенттік мектептер өткіздік және алдағы уақытта жобаны басқа өңірлерде де жалғастыруды жоспарлап отырмыз».
Якубова Ума, Пациенттік мектептің қатысушысы:
«Бүгін кәсіби оқыту сабағы өтті. Өте қызықты болды - жүрек ақауларының қандай түрлері болатынын білдік. Мамандардың дәрістері жалпы түсінікті түрде өтті, ал дәрігерлердің біз сияқты аналарға арналған кеңестері ерекше пайдалы болды: бала өзін жайсыз сезінгенде қалай әрекет ету керек, неден күмәндану қажет, жағдайдың нашарлағанын қалай дер кезінде байқауға болады деген секілді мәселелер жан-жақты түсіндірілді. Көрнекілік ретінде суреттер де көрсетілді. Біз, аналар, дәрігер емеспіз, сондықтан мұндай ақпарат мен үшін өте құнды әрі білімімізді толықтырды».
*Алдағы уақытта Қор «Jurek» Telegram-арнасын іске қосуды жоспарлап отыр.
Аталған арна пациенттер мектебінің басты онлайн алаңы болмақ. Қазіргі уақытта жоба дайындық кезеңінде. Бұл бастама еліміздің барлық өңірлеріндегі ата-аналар мен мамандарға бір ортада бірігіп, сенімді ақпарат алуға, сарапшылармен тікелей байланыс орнатуға және өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
UMC клиникалық академиялық педиатрия департаментінің директоры, балалар кардиологы Татьяна Иванова-Разумова:
«Біз «Пациенттік мектеп» атты тамаша жобамызды жалғастырамыз, себебі ол ата-аналар үшін шынымен тиімді алаң болып отыр. Мұндай форматтың артықшылығы - ол аурухана қабырғасынан тыс жағдайда өтеді. Әрине, кейде ол аурухана базасында да ұйымдастырылады, бірақ бұл дәрігердің ресми қабылдауы емес. Мұнда ата-аналар өздерін еркін сезінеді: қорқыныш, уайым, жағымсыз болжам күту секілді эмоциялар азаяды. Бүгінгі кездесуге қатысқан ата-аналардың белсенділігі қуантады. Мұндай формат дәріс пен еркін сұхбаттың үйлесімі іспетті. Ата-аналар өз сұрақтарын еркін қоя алады, ал біз, өз кезегімізде, оларға сабырмен, жан-жақты және түсінікті түрде жауап беруге мүмкіндік аламыз».
FlyArystan әуе компаниясы мамандар тобына логистикалық қолдау көрсетіп, барлық жол шығындарын өз мойнына алған. Айта кетсек, FlyArystan және Heart Center Foundation арасындағы серіктестік 2024 жылдың күзінде басталды. Өткен жылы аталған әуе компаниясының қолдауымен Орал, Қостанай және Қызылорда қалаларында көшпелі іс-шаралар ұйымдастырылған. Бизнестің медициналық қауымдастықпен осындай серіктестігі еліміздің ең шалғай елдімекендері үшін де сарапшы көмегін қолжетімді етеді.
Алматы қаласында Пациенттік мектеп жобасы өткізілді.