Кабинетке кіру
Премьер-Министр Олжас Бектенов Heart Center Foundation қоғамдық қорының өндіріс орнымен танысты
«Heart Center Foundation» ҚҚ зауытында Олжас Бектенов медициналық мақсаттағы пластикалық бұйымдар өндірісінің іске қосылуымен және кәсіпорынның технологиялық жабдықталуымен танысты.
Жобаның соңғы кезеңі жүзеге асырылуда. Зауыт 2026 жылдың мамыр айында пайдалануға берілген, тамызда барлық желі бойынша өнім шығару басталады, ал биылғы қыркүйек айында толық қуатына шықпақ.
Жоба «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің қолдауымен №1 Индустриялық парк аумағында жүзеге асырылып жатыр. Инвестициялардың жалпы көлемі – шамамен 5,1 млрд теңге.
Кәсіпорынның негізгі өнімі – ALEM атауымен қысқартылған Astana life Ex-situ Machine жобасы.
Бұл қазақстандық инженерлер мен дәрігерлердің донорлық ағзаларды сақтау, қалпына келтіру және тасымалдау үшін жасап шығарған бірегей әзірлемесі. Технология донорлық ағзаның сақталу мерзімін бірнеше сағаттан бір тәулікке дейін және одан да көп ұзартуға мүмкіндік береді, бұл отандық трансплантология үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Өндірісте отандық шикізатты – Атырау қаласындағы KPI зауытының пластикалық түйіршіктерін пайдалану жоспарлануда, бұл медициналық бұйымдар өндірісін локализациялау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Зауыттың жобалық қуаты 15-20 бірлік ALEM жабдығын шығаруға жетеді, ол дегеніміз, жылына биоматериалды іріктеуге арналған шамамен 6 млн контейнер және 45 мың дренаждық құрылғы.
UMC қорының басқарма төрағасы Юрий Пя мұндай өндірісті іске қосу импорттық медициналық шығындауға арналған материалдарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Медицинаға арналған көптеген керек-жарақтарды, әсіресе кардиология мен кардиохирургияға қатысты заттарды, біз шетелден сатып аламыз. COVID-тен кейін біз көптеген құралдарға тәуелді болып қалдық, сондықтан өндірісті өзімізде бастауға, әуелі кардиология мен кардиохирургиядан бастауға, соның ішінде, донорлық органдарды сақтауға арналған аппарат жасау туралы өзіміздің идеямызды енгізуге шешім қабылдадық. Бүгінгі таңда біз осындай аппараттың прототипін әзірлеп қойдық, енді елімізде оның өндірісін бастауға шешім қабылдадық. Осы жылдың соңына қарай зауытта алғашқы үлгіні шығаруды жоспарлап отырмыз»,
— деді Юрий Пя.
Олжас Бектенов ғылыми әзірлемелер негізінде отандық медицина өнеркәсібін дамытудың және оларды денсаулық сақтау саласына іс жүзінде енгізудің маңыздылығын атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстан өмір сүру ұзақтығы бойынша 76 жылдық көрсеткішке жақындады. Заманауи медициналық көмекке қол жетімділікті кеңейте отырып, осы динамиканы жалғастыру қажет.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми сайты
Премьер-Министр Олжас Бектенов Heart Center Foundation қоғамдық қорының өндіріс орнымен танысты