21
May, 25

Ақтауда туа біткен жүрек ақауы бойынша 2025 жылдың алғашқы «Пациенттер мектебі» өтті

Heart Center Foundation қоры мен UMC Жүрек орталығы «Пациенттер мектебі» жобасының көшпелі сессияларын қайта бастады. Бұл — туа біткен жүрек ақауы бар балалардың ата-аналарына арналған ағартушылық жоба. Биылғы жылдың алғашқы кездесуі 21–22 мамыр күндері Ақтау қаласында өтті.

Дәрігерлердің айтуынша, туа біткен жүрек ақауы — балалар арасындағы жүрек-қан тамырлары ауруларының ең жиі кездесетін патологияларының бірі. Қазір Қазақстанда туа біткен жүрек ақауы диагнозы қойылған 380 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала бар. Тенденцияға ден қойсақ, жыл сайын шамамен 2,5 мың бала осы патологиямен дүниеге келеді. Бұл әрбір мың жаңа туған нәрестеге шаққанда 8 жағдайдан келеді. Маңғыстау облысында туа біткен жүрек ақауымен шамамен 9 мың бала есепте тұр, бұл барлық бала санының шамамен 2,6%-ын құрайды.

Ауру жүрек пен ірі қан тамырларындағы туа біткен анатомиялық ақаулармен сипатталады. Олар қалыпты қан айналымын бұзып, оттегі жетіспеушілігіне алып келуі мүмкін. Уақтылы анықталмай, медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда бұл патологиялар ауыр асқынуларға, тіпті өмірге қауіп төндіретін жағдайларға әкелуі мүмкін.

«Сол негізгі мәселелердің бірі — жаңа туған нәрестелердегі туа біткен жүрек ақаулары алғашқы апталар мен айларда байқалмай өтуі мүмкін. Өмірінің алғашқы апталарында клиникалық белгілердің болмауы диагноз қоюды кешіктіреді, бұл өз кезегінде болжамды қиындатып, емдеуді күрделендіреді. Қазіргі заманғы пренатальды скрининг әдістері жүктіліктің 18–21 аптасында ауыр ақаулардың 85%-на дейін анықтауға мүмкіндік береді. Ата-аналардың хабардар болуы және жүктіліктен бастап нәрестені бақылауға дейінгі барлық кезеңде кәсіби қолжетімді қолдаудың болуы – дер кезінде диагноз қою мен сәтті емделу үшін аса маңызды», — деп түсіндірді балалар кардиологы, Мектеп сарапшысы Айкерім Жанатқызы.


Event Photo

2024 жылғы мәліметтер бойынша, елімізде балаларға туа біткен жүрек ақауы бойынша 1 700 ота, оның 500-і Астанадағы Жүрек орталығында жасалған. Дегенмен, мұндай көмектің қолжетімділігі әлі де ата-аналардың хабардар болуына және аймақтардағы пациентті бағыттау жүйесіне тікелей байланысты. Осы және басқа да мәселелер жобаның екінші күнінде өткен өңірлік дәрігерлерге арналған білім және кеңес беру сессиясында талқыланды. Жүрек орталығының мамандары клиникалық жағдайларды талқылап, неонатологтармен, педиатрлармен және кардиологтармен тәжірибе алмасты.

Өз кезегінде Heart Center Foundation Қорының директоры Марат Зауыров Ақтауда 2025 жылға жоспарланған алғашқы «Пациенттер мектебі» көшпелі сессиялар сериясы екенін атап өтті.


«Біз көптеген ата-ананың диагнозбен бетпе-бет қалғанын — алда не күтіп тұрғанын, қолдаусыз, маңызды сұрақтарына жуап таппай қиналатынын көреміз. Біздің міндетіміз дәл сол көмекті қажет ететін жерлерге барып, ақпаратты күрделі терминдерсіз, тосқауылдарсыз қарапайым тілде түсіндіп беру. Қазір не болып жатқанын әрі не істеуге болатынын, не күту керектігін түсіндіреміз. Тек біліммен бөлісіп қоймай, ата-аналар жалғыз емес екенін сезінетін орта қалыптастырамыз. Бұл  бір реттік шара емес, жүйелі әрі мақсатты жұмыс, Қор оны жалғастыра береді», — деп түсіндірді ол.


Сондай-ақ, Қор басшысы жобаның серіктестердің қолдауымен жүзеге асып жатқанын айтты. FlyArystan әуе компаниясы мамандар тобына логистикалық қолдау көрсетіп, барлық жол шығындарын өз мойнына алған. Айта кетсек, FlyArystan және Heart Center Foundation арасындағы серіктестік 2024 жылдың күзінде басталды. Өткен жылы аталған әуе компаниясының қолдауымен Орал, Қостанай және Қызылорда қалаларында көшпелі іс-шаралар ұйымдастырылған. Бизнестің медициналық қауымдастықпен осындай серіктестігі еліміздің ең шалғай елдімекендері үшін де сарапшы көмегін қолжетімді етеді. 

Ақтауда туа біткен жүрек ақауы бойынша 2025 жылдың алғашқы «Пациенттер мектебі» өтті

Сіздің көмегіңіздің арқасында бізде дәрігерлерге көмектесу мүмкіндігі бар